РУС

Бизнес спорт сияқты: бәрін стратегия шешеді!

Әр қызметкер өзінің компанияның бір бөлігі екенін түсінеді және ортақ нәтижеге қол жеткізу үшін барын салады. Команданы кәсіби қызмет кеңістігінде табыстарға қалай жетелеуге болатынын білу үшін компания басшысы Жарқын Альжановты сөзге тарттық.

— Жарқын, командаңыз туралы бірер сөз айтыңызшы.

—Біздің қызметкерлеріміз — жастар, олар жетістіктерге ұмтылады. Олардың жұмысқа ынтасы бар, өз саласында жаңа шыңдарды бағындырғылары келеді. Жастардың көзінен жалындап тұрған отты көремін,
олар Қазақстанның сақтандыру нарығында үздік болуға тырысады және сол үшін тынбай еңбек етеді. Менің басшы ретіндегі міндетім -
жұмыстағы басымдықтарды айқындау, бәсекелестерден өзгешелендіретін ерекше шешім табу жолдарын іздеу.

— Бизнес спортқа ұқсайды: жаныңда әрдайым жарыс рухы болады, ұтасың немесе ұтыласың. Спортпен шұғылданасыз ба?

— Спорт —менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Мен мұзда хоккей ойнаймын, «Алматы Номадс» командасының капитанымын, жақында Алматы қаласы хоккей федерациясының президенті атандым, енді Алматы қаласында хоккейді дамыту жұмыстарына кірісемін.

— Менің білуімше, «Алматы Номадс»  көптеген қиындықтардан өткен сияқты...

— Бұл тым жеңіл айтылғаны! Біздің клубымыз тым жас. Бірінші әуесқой сайыс біз үшін 2015 — 2016 жж. маусым турнирі болды. Оған барлығы 9 клуб қатысты. Біз осы командалардың барлығына "жаттығатын жастық" сияқты болдық. екі айналымдық іріктеу раундының 14 кездесуінде ұтылып, тек екеуінде ғана тең түстік.
Турнирді соңғы орынмен аяқтадық. Шынтуайтында, мұндай нәтижеден соң бәріне қолды бір сілтеп, хоккейден күдер үзіп кетуге болар еді, 
бірақ мойып қалу бізге жат нәрсе: біз жеңіске жетпей қоймаймыз.

«Bolashak Hockey Cup» деп аталған келесі турнирге тыңғылықты даярландық, құрамымызды өзгертіп, шыңдадық. Нәтижесі: ұжымымыз ұйымшылдықпен өте әдемі ойын көрсетті, нағыз фурор жасап, турнирге оңай шығып, сайыстың қорытындысы бойынша ІІ-орынды иелендік. Осылайша өмірде де, істе де ешқашан мойымау керек. Өзіңе сеніп, мақсатқа жету үшін бар қолдан келетінді, тіпті қолдан келмейтінді де жасап көру керек.

— Айтпақша, мүмкін емес нәрселер төңірегіне тоқталайық. Қалайша сіз спортшы болмасаңыз да, қатерге бас тіге отырып, тауларға шығуға құмарлана бастадыңыз?

—Құзға өрмелеу және шыңды бағындыру  —бұл менің бірнеше сағат бойы талмай сөйлей алатын тақырыбым. Шынын айтсам, осыдан 5 жыл бұрын мені дүние жүзі бойынша туристік сапарлар шегу қызықтыратын. Ауыр рюкзакты арқалап, тауға өрмелеу ол кезде мен үшін орындалмастай көрінетін. Алайда күндердің күнінде мен 50 жасқа келіп, тау-тасқа шығып, шыңдарға өрмелеп жүрген ағама қызыға қарап, келесіде тауға мені бірге ала кетуін сұрадым. Содан бастап мені таулар өзіне тартады да тұрады. Тибетте, Гималайда болдым. Өзімнің қаншалықты әлді, төзімді екенімді байқап көру, өзімді сынау -мен үшін ауызбен айтып жеткізе алмайтын ләззат алатын іске айналды. Өз мүмкіндіктеріңнің шегін айқындайтын тұсқа келгенде мынау кең дүниеде өз орныңның бар екенін сезінесің, түрлі ойларға берілесің. Ал қиындықтардың бәрі артта қалып, діттеген жеріңе жеткенде қандай сезімде болатыныңды сөзбен айту қиын, бұл теңдессіз өзіңе риза болу сезімі.

Тауға шығу мен бизнес -синонимдер деуге болады. Әр қадаммен бірге біз көркейген компанияны құрудамыз және тек алға жүреміз.

— Қалай ойлайсыз, сіздің спортқа деген қабілетіңіз жұмыста жетістікке жетуіңізге көмектеседі ме?

- Мен оған сенімдімін. Спортта нәтижелерге қол жеткізуге дем берген мінез-құлық қырлары жұмыс орнында табысқа жеткізеді. Алаңдағы команданың бір бөлігі екеніңді сезіну, тез шешім қабылдау, жолдастарың  үшін жауапты болу, жеңіске жігерлену… Біздің компанияға келген көптеген жастар белсенді өмір салтына көшіп, қаланың жайлы жағдайынан сыртқа шыға бастады. Демалыстарда таудан төмен шаңғымен жүйтку дәстүрге айналып барады. Бұл мені қатты қуантады.

— Өз қызметкерлеріңіздің бойында қандай қасиеттерді бағалайсыз?

— Өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен адамгершілігін. Осы екі қасиет жұмыста да, бос уақытында да, жеке өмірінде де жаңа жетістіктерге қол жеткізуге талпындырады.

— Біз Жаңа жыл қарсаңында кездесіп отырмыз. Біздің оқырмандарымызға айтар қандай тілегіңіз бар?

— Мен өз оқырмандарымызға 365 күн бойы өмірлеріңіз күлкіге, денсаулыққа, жағымды жаңалықтарға толы болсын деп тілеймін. Кетіп бара жатқан 2016 жыл жеңіл болған жоқ, бірақ оның тұрақсыздығы бізге қаншалықты орнықты екенімізді, жаңа бұрылыстарға қаншалықты әзір екенімізді көрсетіп берді.

Барлық қиындықтар артта қалды, мен клиенттеріміз бен оқырмандарымыздың келешекке сеніммен көз тігіп, үмітпен жаңа жоспарлар құрып, оларды табандылықпен орындауларына тілектеспін. 2017 жылы бәрі де ойдағыдай болады. Біз кепілдік береміз!